Оралда комиссия әкімдіктің аппарат басшысына заңсыз пәтер берген
ОРАЛ. KAZINFORM — ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО-дағы Әдеп кеңесінің отырысында бірқатар мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік ісі қаралды.

Орал қаласы әкімі аппаратының басшысы Алтай Құлқаевқа заңсыз пәтер бөлген комиссия мүшелері, қала әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев, қаржы бөлімінің басшысы Ербол Шүкірғалиев, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Алмат Ашиков және қала әкімі аппараты бірыңғай мемлекеттік-құқықтық жұмыстар қызметі бөлімінің басшысы Әлихан Мыңжасаровқа қызметіне толық сәйкес еместігі жөнінде ескерту жасалды.
Орал қаласы прокуратурасынан түскен мәліметке қарағанда, А.Құлқаевқа биылғы 28 наурызда қызметтік пәтер берілген.
Шын мәнісінде А.Құлқаевтың уәкілетті органда жалға берілетін тұрғын үй беру кезегінде тұрмағаны анықталды.
Сонымен қатар ол жекешелендірілген қызметтік пәтерін 2021 жылдың 16 қыркүйегінде сыйға тартып, иеліктен шығарған, осылайша, тұрмыстық жағдайын әдейі нашарлатқан.
Соған қарамастан А.Құлқаев мұқтаж деп танылып, оған қызметтік пәтер берілген. Кейін ол бұл пәтерін мемлекет меншігіне қайтарған.
Әдеп кеңесінің отырысында сондай-ақ Орал қаласы жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Әшімхан Жалмұхановтың ісі қаралып, ол да тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да Әдеп кодексінің талаптарын бұзған прокуратура қызметкерінің жауапқа тартылғанын жазған болатынбыз.