Оралда композитор Жаскелең Ғайсағалиевтің әндерін орындаушылардың байқауы мәреге жетті

ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Оралда Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, әнші Жаскелең Ғайсағалиевтің туындыларын орындаушылардың «Ән - махаббат» эстрадалық байқауы мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оралда композитор Жаскелең Ғайсағалиевтің әндерін орындаушылардың байқауы мәреге жетті

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ерен еңбегі үшін» медалі мен «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Ж.Ғайсағалиевтің елу жасқа толуына орай алғаш рет ұйымдастырылған өнер додасына Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау облыстарынан барлығы 29 үміткер қатысып, бақ сынады.

Екінші кезеңге 15 әнші өтіп, солардың арасынан жеңімпаз-жүлдегерлер анықталды.

null
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ғимаратының залында өткен марапаттау рәсімінде БҚО әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов туған жерін талмай әнге қосып келе жатқан композиторға ризашылығын білдіріп, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен өңір басшысы Алтай Көлгіновтің алғысхаттарын табыс етті.

Қазылар алқасының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, әнші-композитор Донеділ Қажымовтың айтуынша, финалға өткен орындаушылар бір-бірімен деңгейлес болып, мәреге құйрық тістесе жетті.

«Мен Ақтөбе қаласының тумасы болғаныммен, Ақ Жайыққа алғаш рет аяқ басып тұрмын. Ғарифолла Құрманғалиев, Базарбай Жұманиязов, Ескендір Хасанғалиев сынды біртуар өнер саңлақтарының жолын жалғастырып келе жатқан Жаскелеңнің алдағы уақытта да жақсы әндер жаза беруіне тілектеспін. Өнер тойы тарқамасын!», деді Алматыдан арнайы келген қазылар алқасының мүшесі, белгілі композитор, «Құрмет» орденінің иегері Бейбіт Оралұлы.

Сонымен, екі күнге созылған ән бәйгесінде ақтөбелік Ернар Алтынов бас жүлдені жеңіп алды. Бөрлі ауданынан келген Әсел Куджанова бірінші, сырымдық Бекей Қанатов пен оралдық Медет Оразов екінші, «Інжу» тобы, оралдық Рустам Хафизов және ақжайықтық Венера, Әнуар Нұрғалиевтер үшінші орынға ие болды. Бірнеше әнші дипломант атанса, басқаларына алғысхаттар табыс етілді.

null
Шара байқау жүлдегерлері мен қонақтарының гала-концертіне ұласты. Онда Жаскелең Ғайсағалиевтің өзі де әндерін орындап, көпшілік қошеметіне бөленді.

«Композиторлардан көрермендер қай туындыңды биік қойып, бөле-жара атар едің? деген сауалдар қойып жатады. Мен үшін «Ақ Жайықтың ақ шағаласы» атанған Ақұштап Бақтыгерееваның сөзіне жазылған «Жосалы» әнімнің жөні бөлек. Әр талант та өз өнерінің бастауын туған жерінен, ата-баба топырағынан алады. Ендеше, Сырым ауданындағы Жосалы ауылы да мен үшін сондай, әрқашан жүрегімнің төрінде тұрады», деді Ж.Ғайсағалиев.