Оралда кондуктор мас күйінде автобус жүргіземін деп жеңіл көлікті соқты

ОРАЛ. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» бұдан бұрын хабарлағанындай, 14 мамыр күні кешкісін Оралға қарасты Зачаган кентіндегі №6 емхана маңында №7 бағытпен жүретін «ПАЗ» жолаушылар автобусы мен «Мерседес» автокөлігі соқтығысқан болатын.

Оралда кондуктор мас күйінде автобус жүргіземін деп жеңіл көлікті соқты

БҚО ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция полковнигі Манарбек Ғабдуллиннің бүгін толықтырғанындай, жүргізуші үйінде қалған да, автобус рулінде кондуктор болған. Ол ішінде жолаушылары жоқ автобусты автотұраққа қоямын деп бара жатып, қарсы бетке шығып кетіп, «Мерседеспен» соқтығысуға жол берген.  Жол-көлік оқиғасы салдарынан «Мерседестегі» жүргізушімен қоса төрт адам және кондуктор жеңіл жарақат алған. Олар кейін үйлеріне жіберілген. 28 жасар кондуктордың жүргізуші куәлігі жоқ әрі жеңіл дәрежеде мас күйінде болған. Сондай-ақ ол сол автобустың иесі көрінеді.

«Қазіргі кезде материалдар жинақталу үстінде, іс сотқа берілетін болады. Кондуктор әкімшілік қамауға алынуы мүмкін. Автобус рулін көлік жүргізушілік құқығы жоқ адамға  берген жүргізуші мәселесін де сот шешеді», деді М.Ғабдуллин.