Оралда көпқабатты үйдегі пәтер өртеніп, 2 бала құтқарылды
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда бес қабатты үйдегі өрттен 32 адам қауіпсіз жерге шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 3 ақпан күні сағат 10.18-де Ақотау көшесі 24/1-мекенжайында болды.
Үйдің төртінші қабатындағы пәтерде жиһаз бен жеке заттар жанды. Өрт аумағы 15 шаршы метрді құрады.
Оқиға орнында 3 адам құтқарылса, оның екеуі – бала. Ер адам автосатының көмегімен терезеден, 2 бала есікті бұзу арқылы шығарылды. Сондай-ақ 32 адам эвакуацияланса, соның жетеуі – бала.
Өртті сөндіруге 35 қызметкер 12 техникамен жұмылдырылып, «тілсіз жау» 10.45-те оқшауланып, 11.01-де толықтай ауыздықталды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі нақтылағанындай, жеңіл дәрежеде газдан уланған 7 және 5 жасар қыз балалар облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілді. Орта дәрежеде газбен уланған 45 жастағы ер адам қалалық көпбейінді ауруханаға апарылды. Балалар кейін үйлеріне жіберілді.

Қазіргі кезде өрттің шығу себебі, кінәлі адамдар, келтірілген шығын анықталу үстінде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында 17 елді мекеннің электр жарығынсыз қалғанын жазған болатынбыз.