Оралда көшеде қараусыз жүрген екі бүлдіршін табылды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда көшеде қараусыз жүрген екі бала табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға бүгін сағат 10.00 шамасында Н.Савичев пен 8 наурыз көшелерінің қиылысында орын алған. Ересектердің қарауынсыз жол шетінде ойнап жүрген балалар жөнінде тұрғындар полицияға хабарлаған.
Полиция қызметкерлері балаларды Абай полиция бөліміне алып келді. Алайда, бүлдіршіндер сөйлемейді, олардың қайда тұратынын білу мүмкін емес. Біреуінің қолында үйдің кілті жүр.
«Қазіргі кезде балалардың ата-анасы іздестіріліп жатыр. Кезекші топ балалар табылған аумаққа жіберілді. Олар сол маңдағы үйлерді аралап, сұрастырады. 102 телефонында отыратын операторларға да ескертілді. Балаларға жедел жәрдем шақыртылды. Дәрігерлер қарағаннан кейін оларды тамақтандырып, күту үшін уақытша балалар үйінің біріне жіберіледі», деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісіне департаменттің баспасөз қызметінен.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда есін жоғалтып алған жасөспірім табылған болатын.