Оралда қойға шапқан иттің иесі анықталып, жауапқа тартылды

ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласына қарасты Серебряков кентінде қойды тамақтап кеткен иттің иесі анықталды. 

Бұралқы ит
Фото: тұрғындардан келген

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Зачаган полиция бөліміне Серебряков кентінің тұрғыны шағыммен жүгінген.

Әйел ауласына белгісіз иттің кіріп, екі қойын жарақаттап, салдарынан малының өлгенін хабарлаған.

«Полиция қызметкерлері иттің иесін анықтады. Ол ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 407-2-бабына сәйкес (Қазақстан Республикасының жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнамасын бұзу) әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда қаңғыбас иттердің бірнеше қойды тамақтап кеткенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар