Оралда құмар ойын қожайынына рақымшылық жасалды

ОРАЛ. 18 сәуір. ҚазАқпарат - Кеше, 17 сәуірде Орал қалалық соты ҚР Қылмыстық Кодексінің 269-1-бабының 1-бөлігі бойынша А.Мұсаевты  қылмысты деп танып,  бес жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 809 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге үкім шығарды.

Оралда құмар ойын қожайынына рақымшылық жасалды

 Осымен бір мезгілде Қазақстан Республикасының қолданыстағы рақымшылық заңының 2-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы қолданылып, тағайындалған жазадан босатылды. 

Облыстық соттың баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, А.Мұсаев Орал қаласының аумағында заңсыз ойын бизнесімен шұғылданып келген. Ойын бизнесінің бұл түрі тыйым салынған кәсіпкерлікке  жататынын біле тұра, Орал қаласы, Құрманғазы көшесі, 81/1 мекен-жайында орналасқан «Бибігүл» мейрамханасының ғимаратында 2011 жылдың қыркүйек айынан желтоқсан айына дейін спорттық покерден ақылы турнир өткізген.

Жоспарлаған ойын заңдастыру мақсатында 2011 жылдың 11 тамызда «Батыс Әлем» ЖШС атынан «Батыс Қазақстан облысы бойынша туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы» мемлекеттік мекемесіне  дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық қызмет көрсетуге, дәлірек айтқанда, «Texas Holdem»  спорттық покер клубына лицензия алған. Аталмыш клубқа спорттық нұсқаушылар, төрешілер, ресепшн, бармен ретінде адамдарды жұмысқа қабылдаған. Сонымен қатар құмар ойынға қатысқандарды ресми түрде турнирге қатысушылар ретінде тіркеген.

БҚО бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің 2011 жылғы 3 желтоқсаннан 4-іне қараған түні жүргізген жедел-іздестіру шарасы кезінде «Бибігүл» мейрамханасынан жалпы сомасы 185 900 теңге және 400 АҚШ доллары, сонымен қатар заңсыз ойын бизнесінің заттары (ойын үстелдері, фишкілер, карталар және т.б.) табылып, қылмыстық іс көтерілген болатын.