Оралда Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның 50 жылдығы мерекеленді
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның 50 жылдығына арналған мерекелік шара өткізілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Алдымен театр фойесінде филармонияның өткені мен бүгіні туралы деректі фильм көрсетілді.
Филармония ұжымын БҚО әкімі Алтай Көлгіновтің атынан облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Оның атап өткеніндей, өнер саласының қызметкерлері ұлтқа, елге, жалпы адамзатқа қызмет етеді. Елбасының биылғы Жолдауында айтылғанындай, адами капитал сапасын жақсартуға мәдениет те кіреді. Елдің мәртебесі өсіп, беделінің биіктеуіне мәдениет қызметкерлері өз үлестерін қосып келеді. Салаға мемлекет тарапынан қолдау әркез көрсетіле бермек. Ең бастысы, ата-бабадан жалғасып келе жатқан ұлы өнер дәстүрі үзілмей, байи түсуі тиіс.
Шара барысында филармония ардагерлері мен үздік қызметкерлеріне облыс әкімі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің алғысхаттары, басқа да марапаттар табыс етілді.
Содан кейін филармония әртістері Ақ Жайық жұртшылығына концерттік бағдарламасын ұсынды. Онда Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі, «Орал сазы» фольклорлық ансамблі, «Назерке» халықтық би ансамбльдерімен қатар Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Қанатқали Қожақов, Жұмағаным Рахимова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Әмірханов сынды әншілер, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, домбырашы Ермек Қазиевтен бастап жастарға дейін өз өнерлерін көрсетті. Тосынсый да болмай қалған жоқ. Мысалы, эстрада әншілері, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Жаңылсын Хасанова мен Марат Сарбөпеев Дәулеткерей атындағы оркестрдің сүйемелдеуімен сахнаға шықты. Ал дәстүрлі әншілер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиев пен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сәуле Таудаева эстрадалық ансамбльдің сүйемелдеуімен ән орындады. Баритондар (Айбар Хайырханов, Камалиден Айтбаев, Алтынбек Оразов), сопранолар (Ақсұлу Жұмалиева, Эльмира Усаева, Айдана Әжіғалиева), дәстүрлі әндер (Сағадат Рахметжанов, Күләш Қуанышқалиева, Ақмарал Кемелханова), аспапта орындаушылар шерулері де жарасымды болды.
Айта кетейік, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясы халқымыздың музыка өнерін кеңінен дамыту және насихаттау мақсатында Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1966 жылғы 25 қаңтардағы №66 қаулысымен құрылды. Филармонияның алғашқы директоры болып Алматы мемлекеттік консерваториясының түлегі, жоғары кәсіби білімді маман Уәли Кәрімов тағайындалды. Әнші, күйші, биші мамандар конкурс бойынша қабылданып, Бекболат Машқанов, Нұрғали Божымов, Мақсат Мұхитденов, Гүлжамал Мамашева, көркемсөз оқу шебері Гүлжиян Атошева, термеші Гүлбаршын Сахипова сынды талантты жастардан алғашқы эстрадалық ансамбль құрылды. Оның көркемдік жетекшісі болып оралдық музыкант Николай Горелов бекітілді. Б.Машқановқа елімізде алғашқылардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағы берілді.
Филармонияға әр жылдары У.Кәрімовке қоса Ұлы Отан соғысы ардагері Сағын Есенәлиев, кейін Құрманғазы атындағы Орал музыка училищесінің директоры болған педагог-ұстаз Махамбет Ержанов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, режиссер Мақсот Омарғалиев, әнші-композитор Донеділ Қажымов, сондай-ақ ҚР мәдениет қайраткері Марат Қалиев басшылық етті. Қазіргі директоры - Қадырболат Мұсағалиев.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары филармония Құрманғазы атындағы музыка училищесін бітіріп, кәсіби өнерге қанат қаққан Тілек Лұқпанов, Олег Глинский, Әмір Төлеуов, Нариман Дүйсенов, термеші Қойсын Дүйсенова, пантомима жанрының шебері Зифиль Ситдиков, биші Райхан Көжекешева, әнші Қанатқали Қожақовпен толықса, сексен бесінші жылдары Алматы эстрада студиясының Ғ.Құрманғалиев класын бітірген термеші-әншілер Махамбет Балпейісов, Сәуле Таудаева, Сағадат Рахметжанов, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерватория түлегі Мұрат Әмірханов сынды үшінші лек келді.
Одан кейін де кәсіби өнер ордасы жаңарып, жас таланттармен ұдайы толығуда. Филармонияда түрлі жанрдағы мамандықты жете меңгерген, жоғары білікті мамандардан тұратын бірнеше шығармашылық ұжым бар. Атап айтқанда, Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі, «Орал сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, «Назерке» халықтық би ансамблі, «Классика» камералық ансамблі, «Орда» аспаптық триосы, «Ән қанатында» эстрадалық ансамблі, дәстүрлі және эстрадалық әншілер, күйшілер, аталған ұжымдардың көркемдік жетекшілері, дирижерлары, балетмейстері, режиссер, дыбыс режиссері мен операторы, суретші, шығармашылық ұжымның жұмысын ұйымдастыратын әкімщілік қызметкерлер мен кіші техникалық қызметкерлерді қосқанда, барлығы 160-тан астам адам еңбек етеді.