Оралда құтқарушылар тағы бір баланы суға кетуден аман алып қалды

ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Оралда бүгін жедел құтқару жасағының қызметкерлері 2005 жылғы баланы суға кетуден аман алып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оралда құтқарушылар тағы бір баланы суға кетуден аман алып қалды

БҚО ТЖ департаменті жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы Аягөз Қожанбаеваның айтуынша, қалалық мәдениет және демалыс саябағындағы құтқару бекетінде кезекшілікте жүрген Павел Федоров пен Азамат Жәрдемов Шаған өзеніне батып бара жатқан баланы байқап қалды.

Жағалаудан жырақтап кеткен балаға Азамат Жәрдемов жедел жүзіп барып, оны судан алып шықты. Құтқарушылар қатты қорқып қалған балаға қажетті көмек көрсетті. Баласының алысқа ұзап кеткенін көрмей, салғырттық танытқан анасына да суға түсу кезінде қауіпсіздік сақтау керектігі ескертілді.

Еске сала кетейік, бұл - Оралдағы мұндай бірінші оқиға емес. Бұдан бұрын құтқарушылардың он жасар баланы аман алып қалғанын жазған болатынбыз.