Оралда күйші, 85 жастағы Өтеген Жұмашевтің кеші өтті
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында белгілі күйші Өтеген Жұмашевтің «Дария күйдің кемесі» атты шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Осы күндері тура 85 жасқа толған Өтеген Жұмашев Бөкей ордасы ауданында 1932 жылы дүниеге келген. Домбыра тартуды бес жасынан үйренген ол көптеген күйлерді бүгінге жеткізді. Соның ішінде өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары Махамбеттің «Өкініш», Сейтектің «Бес қыз», Нақыштың «Айжан апай», «Ақжелең», Мүсірәлінің «Мүсірәлі», Құрманғазының «Байжұма», Қожақтың «Ақсақ кер ат» және басқа сирек тартылатын күйлерді алтын қорға жаздырды. Кейін Жәнібек ауданында тұрған Өтеген Жұмашев осындағы домбыра оркестрі құрамында өнер көрсетті.
Өз шығармашылық кешінде де Өтеген ақсақал Құрманғазы, Дина, Мәмен, Есжан сынды халық композиторларының күйлерінің шығу тарихын айта отырып, тамылжыта орындап берді. Төл туындысы «Шаттық» күйін де шалқытты.
Домбырашылар, Құрманғазы атындағы музыка колледжінің директоры Нұржан Сертеков кеш иесінің халықтық мұраны сақтаудағы еңбегіне тоқталса, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұловтың атынан алғыс хат табыс етіп, иығына шапан жапты. Сол секілді Жәнібек ауданының өкілдері Ө.Жұмашевтің 85 жылдығына орай құрмет көрсетті.
Батысқазақстандық өнер шеберлері қатарында елге танымал домбырашылар, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері Ермек Қазиев, Едіге Нәбиевтердің сахнаға шығуы киелі күй дәстүрінің үзілмейтіндігін тағы бір танытты.