Оралда күйші Едіге Нәбиевтің кеші өтті
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында елге танымал күйші, домбыра жасаушы шебер, республикалық «Үкілі домбыра» байқау-бәйгесінің екі мәрте жүлдегері Едіге Нәбиевтің күй кеші өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Астрахан өңірінде өмір есігін ашқан Едіге Нәбиев ата-бабадан келе жатқан күй дәстүрін үзбей, күні бүгінге дейін жалғап келеді. Жас кезінде спортпен айналысып, ән де шырқаған Едіге кейін мәдени және рухани салаға біржола ауысты. Домбыраны солақай тартатын күйшінің ерекшелігі, әр күйдің тарихын айта отырып, орындайды. Өзінің айтуынша, жетпіс шақты күйді білгенімен, қазір соның елуден астамын тартып бере алады. Олардың ішінде сирек тартылатын, естілмеген күйлер де баршылық. Едіге Нәбиев Бөкей хандығы мен Ақ Жайық өңірінде ертеде ғұмыр кешкен әншілердің туындыларын да жақсы біледі. Жас шағында тамағын ауыртып алып, әнді қойып кеткенімен, сол асыл мұраға деген іңкәрлігі басылған емес. Әр әннің шығу тарихын әңгімелеп, кейінгі буынға жеткізіп отырады. Ал күйді домбыраны сабаламай, баппен, сырбаз тартудың шебері десе болады. Бұл жолы да жиналған көрермендер Едіге тартқан күйді тыңдап, екі сағаттай тапжылмай отырды.
Өнерпаздың тағы бір қыры, домбыра жасаудың шебері екендігі. Қазіргі таңда оның қолынан шыққан домбыралармен әнші-күйшілер шетелдерге де шығып жүр. Осы кеште алды халықаралық байқаулардың лауреаты атанып үлгерген Әділ Ахметов, Жасұлан Зиннединов, Берік Шаймарданов, Максим Кармышев Едіге Нәбиев жасаған домбырамен сахнаға шығып, күй орындады. Ал Ж.Зиннединов пен Б.Шаймарданов күй тартыс жасап, көрермендердің делебесін қоздырды.
Домбырашы, «Орал сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің жетекшісі Асқар Кенжеғалиев жүргізген шара барысында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Айтқали Нәріков, Құрманғазы атындағы музыка колледжінің директоры, домбырашы Нұржан Сертеков, күйшінің апасы Мәстура Нәбиева, өнер жанашыры Төлеген Сафуллин және басқалар жылы лебіздерін білдірді.
Зейнеткерлік жаста болса да, күй өнерін талмай насихаттап келе жатқан Е.Нәбиевке облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайыновтың алғысхаты табыс етілді.