Оралда қысқы Азиадаға орай байқау жарияланды

ОРАЛ. 10 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Орал қаласының www.infoportal.kz ақпараттық-анықтамалық сайты облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы,

Оралда қысқы Азиадаға орай байқау жарияланды

«Жайық Пресс» ЖШС, облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» газеттерінің қолдауымен қатарынан төрт байқау жариялады. Үш байқау Алматы мен Астанада өтетін қысқы Азия ойындарына қатысты, ал төртіншісі «Мой стиль» деп аталатын байқау, оның демеушісі «SELA» киім және аксессуарлар дүкені.

30 қаңтарда елорданың «Астана-Арена» стадионында VII қысқы Азия ойындары салтанатты жағдайда ашылып, тарихта тұңғыш рет Қазақстан Азиаданың Отанына айналатыны мәлім.

Байқауды ұйымдастырушылар Азиаданы өткізу Қазақстан үшін үлкен мерей екендігін терең түсініп, спортты насихаттауға арналған мемлекеттік саясатты қызу қолдайды. Елбасы Жолдауында қазақстандықтардың 30 пайызға жуығы бұқаралық спортқа тартылуы тиіс деп атап өткені белгілі.

Азиаданы өз көзімен көруді армандамайтын адам жоқ шығар. www.infoportal.kz сайты дарынды прозашыларға осындай мүмкіндік беріп отыр. Олар «Мен үшін Азиада - 2011 несімен маңызды» деген тақырыпта эсселерін қазақ және орыс тілдерінде жазып жолдай алады. Үздік эссе авторлары Азиада жолдамасына ие болады. Қазақ тілінде жазылған жеңімпаз эссе авторы Астанаға, ал орыс тілді жеңімпаз Алматыға сапар шегеді.

Азиадаға арналған келесі байқаудың атауы - «Не? Қайда? Қашан?» спорттық викторинасы. Спорт білгірлеріне сайтта бірнеше күн бойы 50 сұраққа жауап беру ұсынылады. Бірінші болып жауап беріп, көп дауыс жинаған адамға жүлде ретінде бір ай Оралдағы мұз айдыны спорт сарайына тегін кіру абонементі тапсырылады. Байқау шарттарымен www.infoportal.kz сайтының «Байқау» бөлімінен танысуға болады.

Азиадаға байланысты үшінші конкурс -балалардың ашық сурет байқауы. Бұл байқау жыл бойы жалғасып, жеңімпаздар кезең-кезеңімен марапатталып отырмақ. Балғын суретшілерге ұсынылатын алғашқы тақырып - Қысқы спорт. www.infoportal.kz сайтының ұстанған бір бағыты - сауда үйлерімен және фирмалық дүкендерімен байланыс. Соның біріншісі - «SELA» киім және аксессуарлар дүкені ұсынған «Мой стиль» байқауы. Дүкен стильді киінген жасқа 10 мың теңгелік сыйлық сертификатын тапсыруға дайын. Сайт версиясы бойынша стильді адам сайтқа қатысушылардың берген дауысымен және дүкен әкімшілігімен анықталады. Байқау 15 қаңтарда басталады.