Оралда М.Әуезов атындағы театр гастрольмен жүр
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының гастролі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұған дейін облыс аудандарында бірнеше спектакльді қойып үлгерген алматылықтар қаладағы өнер шымылдығын Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында И.Вовнянконың шығармасы бойынша сахналанған «Актерді өлтірген кім?» криминалдық драмасымен ашты.
Спектакльдің қоюшы-режиссері - КСРО халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтардың иегері Асанәлі Әшімов. Қойылымның тағы бір режиссері - С.Асқаров, аударған О.Қыйқымов.
Бұдан үш жыл бұрын премьерасы болған қойылымда Әсел есімді қызға адам өліміне айыпты деген жала жабылады. Бұл отты көсеушілердің ішінде заң қызметкерлері де жүреді. Дегенмен басқа құқық қорғау органдары қызметкерлерінің табандылығы арқасында Әсел ақталып шығады. Яғни бәрібір заң үстемдік құрады.
Қойылым соңында БҚО әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов М.Әуезов атындағы театр ұжымына ризашылығын білдірді. Театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров мұндай өнер сапарының маңызы зор, әсері де мол екендігін айтып, Х.Бөкеева атындағы БҚО театрын алдағы күзде Алматыға осындай гастрольмен келіп-кетуге шақырды.
М.Әуезов атындағы театр 13 мамырға дейін созылатын гастроль барысында сондай-ақ «Ақтастағы Ахико» (авторы Мәдина Омарова, режиссері, театр директоры Асхат Маемиров), «Сыған серенадасы» (авторы Исраил Сапарбай, режиссері Есмұхан Обаев, Төлеубек Аралбай), «Қоштасқым келмейді...» (авторы А.Володин, аударған әрі режиссері А.Маемиров), «Таңсұлу» (авторы Ғарифолла Есім, режиссері Алма Кәкішева) және «Бейбарыс сұлтан» (авторы Рахымжан Отарбаев, режиссері Юрий Ханинга-Бекназар) спектакльдерін қояды.