Оралда мәдениет қайраткері И.Гудошниковаға құрмет көрсетілді
Алдымен ардагерді облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен қабылдап, өңірдегі мәдениет саласының дамуы, өнер қайраткерлерінің жай-күйі туралы әңгімелесті.
Содан кейін Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның концерт залында И.Гудошникованың «Менің жылдарым - менің байлығым» атты мерейтойлық кеші өтті. Онда облыс әртістері өз өнерлерін көрсетіп, соның ішінде мерейтой иесінің жары, ақын Владислав Ирхиннің туындыларын орындады.
Айта кетейік, 1935 жылғы 16 қаңтарда Орал қаласында дүниеге келген Инна Гудошникова қырық жылдан астам уақыт бойы мәдениет саласында қызмет етті. Соның ішінде 1971-1997 жылдары облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары ретінде саланың өркендеп, дамуына өз үлесін қосты. Ол «Ерен еңбегі үшін» және басқа медальдармен, құрмет грамоталарымен марапатталған.