Оралда мас күйінде көлік тізгіндеген жүргізуші полицейге қарсылық танытты 

АСТАНА. KAZINFORM – Оралда мас күйінде көлік тізгіндеген жүргізуші полицейге қарсылық танытып, бағынғысы келмеген. Бұл туралы POLISIA.KZ сайты жазды. 

БҚО
Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

8 маусым күні таңертең патрульдік полиция Ихсанов көшесінде Lexus автокөлігін тоқтатады. Автокөлік жүргізушісі мен оның жолаушысы екеуі де мас күйінде болған.

«Жүргізушіні медициналық мекемеге жеткізбек болған тәртіп сақшыларына көліктегі жолаушы кедергі келтіріп, бағынбаған. Сараптама нәтижесі бойынша Lexus жүргізушісі орта дәрежелі мас күйде болғаны анықталды. Ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды», — делінген хабарламада. 

Материалдар тиісті шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.

Полиция қызметкерлеріне бағынбағаны үшін жолаушыға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тергеу жүргізіліп жатыр.