Оралда «Математикалық регата» жеңімпаздары анықталды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда республикалық «Математикалық регата» олимпиадасының жеңімпаз-жүлдегерлері анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Білім және ғылым министрлігі мен БҚО білім басқармасы бірлесіп ұйымдастырған, математика пәні мұғалімдері арасында республикалық деңгейде алғаш рет өткен білім сайысына барлық облыстар мен Астана, Алматы қалаларынан 18 команда қатысып, бақ сынады. Әр команда құрамында төрт ұстаздан болды.
Шараның жабылу рәсіміне қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов республикалық математикалық регата өткізу идеясы Жайық өңірінен бастау алып, министрлік тарапынан қолдау тапқанын жеткізді.
«Мемлекет басшысы еліміз тәуелсіздік алғаннан бері білім саласын дамытуға баса мән беріп келеді. Өйткені қай елдің де экономикалық дамуы сапалы адам капиталына байланысты. Бұл ретте білім қашанда бірінші орында тұрады. Осы орайда мемлекетіміз білім саласынан қаржы аяған емес. Бұған облыс бюджетінің 46 пайызы білім саласына жұмсалып отырғаны дәлел бола алады. Осы орайда Асан Таймановтай академик түлеп ұшқан топырақта математика пәні мұғалімдерінің айтулы додасы өтуі де заңдылық», - деді Ғ.Оспанқұлов.
ҚР Білім және ғылым министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы педагогикалық инновациялық зертханасының басшысы Айгүл Каркулова олимпиаданың жоғары деңгейде өткендігін айтып, білім беру саласына сүбелі үлесін қосып жүрген адамдарға орталықтың құрмет грамотасын табыс етті.
Сайыс қорытындысында Батыс Қазақстан және Ақтөбе облысының командалары бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Алматы қаласының республикалық физика-математика мектебі, Жамбыл, Атырау облысының өкілдері екінші, Шығыс Қазақстан мен Павлодардың математиктері үшінші орынға ие болды. Оған қоса Астана қаласының физика-математика мектебі, Қарағанды, Маңғыстау облыстарының командалары «Білімге құштарлық» аталымын еншіледі.