Оралда медколледж жатақханасына су кірді

None
Фото: Зачаган кенті әкімдігі
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында медколледж жатақханасына су кірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Зачаган кентінің әкімі Аққали Әубекеровтің мәлім еткеніндей, Жәңгір хан көшесі 65/2 мекенжайында орналасқан жатақхананың 9 наурыз күні сағат 23.00 шамасында кәріз жүйесінде ақау болып, жертөлеге су кірген.

Оның айтуынша, соған байланысты ғимарат электр желісінен ажыратылды.

«Хайрекешева» ЖК-ға тиесілі жатақханада Батыс Қазақстан жоғары медицина колледжі мен «Мақсат» жоғары медициналық колледжінен барлығы 140 студент тұрады. Аталмыш жағдайдан кейін студенттер басқа мекенжайларға, таныстары мен жақындарына жіберілген.

«Мекеме қызметкерлері бастапқыда өз күштерімен таңға дейін тазалаған. 10 наурыз күні сағат 11.00-де оқиға қайталанып, күні бойы жағдайды реттеумен айналысқан. Зачаган кенті әкімдігіне сағат 19.00 шамасында хабарласты. Шешім қабылданып, 1 мотопомпа көмекке берілді, түні бойы су сору жұмыстары жүргізіліп, 11 наурыз күні таңғы сағат 06.00-де жағдай реттелді. Түнде сағат 02.00-де электр жарығы қосылды. Қазір су алған бөлмелер тазаланып, дезинфекция жасалуда. Студенттер жатақханаға орала бастады», деді ҚазАқпарат тілшісіне Аққали Үмбетқалиұлы.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 138 елді мекен ерекше бақылауға алынғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Орал қаласында су кестемен беріледі.

Батыс Қазақстанда жағдай күрделене түсті.


Соңғы жаңалықтар