Оралда мектеп мұғалімі туберкулездің ашық түрімен ауырған

ОРАЛ. ҚазАқпарат  -  Орал қаласында орта мектеп мұғалімі туберкулездің ашық түрімен ауыратыны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оралда мектеп мұғалімі туберкулездің ашық түрімен ауырған

Облыстық білім басқармасынан түскен мәліметке сүйенсек, педагог жалпы білім беретін №26 мектепте жұмыс істейді.

Аталмыш мектеп мұғаліміне 2 қараша күні денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыздық парағы ашылып, кейін оның ашық түрдегі туберкулезбен сырқаттанғаны белгілі болған.

Ұстаз биылғы шілде айында флюорографиядан өткен, медициналық байқаудың қорытындысымен оған жұмысқа рұқсат берілген. Соңғы үш жылда денсаулығына байланысты жұмыстан қалмаған. Қазіргі таңда ол ауруханада ем қабылдауда.

«Бүгінде ата-аналар мен оқушылар арасында білім ордасының, Орал қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен денсаулық сақтау органдарының қызметкерлері тиісті жұмыстар жүргізуде», - деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Зәуре Ғұмарова.