Оралда мектепке кірген алаяқ оқушының телефонын алып кеткен
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында алаяқ мектепке кіріп, оқушының ұялы телефонын алып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат Рolisia.kz-ке сілтеме жасап.
«Оқиға Орал қаласындағы мектептердің бірінде болды. 26 жастағы әйел мектептің артқы есігінен кіріп, дәлізде өтіп бара жатқан 4-сынып оқушысын тоқтатқан. Өзін педагог ретінде таныстырып, ұялы телефонын алған. Оқушыға мектепте комиссия мүшелері жүргенін, дәлізде ұялы телефон ұстауға болмайтынын, заты кейін өзіне қайтарылатынын айтқан», - делінген полиция хабарламасында.
Алаяқтың артқы есіктен мектепке кірген сәті видеобақылау камерасына түсіп қалған.
«Күдікті ретінде 26 жастағы әйел ұсталды. Қылмыстық кодекстің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр», - деп нақтылады полициядан.
Видеодан алынған кадр