Оралда «Мемлекеттік рәміздер - мақтанышым!» шарасы мәреге жетті

Қазақстанның мемлекеттік Туы мен Елтаңбасы сахна төріне шығарылғаннан кейін Гимн орындалды.
Жиналғандарды мерекемен Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев құттықтап, елдің ел, мемлекеттің мемлекет екендігін айқындайтын мемлекеттік рәміздердің әр азамат үшін қастерлі екендігін жеткізді. Рәміздердің қасиеттілігі сол, Отанның өзі нақ осы Тудан, Елтаңба мен Гимннен бастау алады. Оларды жүрегіне басып, маңдайына тигізіп, қадірлеу арқылы егемен елдің еңселі азаматтары қалыптасып, биіктерге қадам басады. Тарихы терең, бүгіні айқын, болашағы зор Қазақстанның одан әрі қарқынды дамуы үшін әр адам өзінің сүбелі үлесін қоса білуі тиіс.
Салтанатты шара барысында батырлығымен көзге түскендер, спортта табыстарға қол жеткізген, білімімен, дарынымен дараланғандар марапатталып, алғысхаттар табыс етілді. Олардың арасында ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5517-әскери бөлімінің келісімшартпен қызмет ететін қатардағы жауынгері Қуаныш Сайлауов бар. Ол биылғы 10 мамыр күні «Кеңдала» шағынауданындағы «Аманғали» дүкенінің жанында оралдық тұрғын Александр Фединмен бірге қарақшыларға тойтарыс берген. Бетперде киіп, пышақпен және электршокермен қаруланып, мотоциклге мінген екеу А.Фединге шабуыл жасап, оның ірі көлемдегі ақшасын тартып алмақ болған. Сол кезде дүкенде болған Қ.Сайлауов айқай-шуды естіген бойда көшеге жүгіріп шығып, әлгілерге әдіс қолданып, Александрмен бірге адам тонаушылардың ойын жүзеге асыртпаған. Сол секілді Бөрлі аудандық ішкі істер бөлімі жергілікті полиция қызметі учаскелік полиция инспекторының көмекшісі, полиция аға лейтенанты Нұрбек Сәрсенғалиев 5 сәуір күні Александров ауылында құрбысымен ойнап жүргенде, мұз ойылып, суға кетіп қала жаздаған кішкентай қызды құтқарған. Оралдық балғын әнші, өткен жылы бірнеше халықаралық байқауда жеңімпаз-жүлдегер атанып үлгерген Ержан Максим мамыр айының басында Италияның Сан-Ремо фестивалінде сондағы симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен ән орындап, бірінші орынға ие болды. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 1-курс студенті Гауһар Ермағамбетова Тараз қаласында дзюдодан өткен ІV Қазақстан жастар ойындарының қола жүлдегері атанды. Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінің шәкірті, 2016-2017 оқу жылының «Жылдың үздік оқушысы» аталымының жеңімпазы, «Алтын белгіден» үміткер Дана Ерғалиқызының табыстары да аз емес. Ол, мысалы, Ақтау қаласында өткен республикалық пән олимпиадасында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен бірінші орын алып, сондай-ақ республикалық «Жарқын болашақ» олимпиадасында жеңімпаз, Сүлеймен Демирел атындағы университеттің журналистика факультетінің грант иегері атанып, Қ.Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті олимпиадасында үшінші сатыға көтерілді.
Шара барысында оралдық белгілі ұстаз, еңбек ардагері София Иманғалиева, Орал мұнай, газ және салалық технологиялар колледжінің студенті, украин этномәдени орталығы жастар қанатының белсендісі, қазақ тілінде еркін сөйлейтін Александр Губарь игі тілегін білдірсе, жас орындаушылар патриоттық әндерді әуелете шырқады.