Оралда «Мемлекеттік тіл және азаматтық қоғам» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы болды
ОРАЛ. 7 маусым. ҚазАқпарат - 7 маусым күні БҚО ішкі саясат басқармасының мәжіліс залында халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тіл және азаматтық қоғам» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы болды.
Онда облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Азамат Сафималиев кіріспе сөзінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуде нақты міндеттер қойып отырғанын атап өтті.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы Болат Жексенғалиев БҚО қоғамдық ұйымдары жанынан құрылған қоғамдық кеңестің тұжырымдамасы, кеңес құрамы және жұмыс жоспарына тоқталды. Сондай-ақ «Қазақ тілі» қоғамы қалалық ұйымының төрағасы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр Түркияда мемлекеттік тілдің қалай енгізілгендігін айтып өтсе, облыстық бөлімше атынан сөз алған филология ғылымдарының кандидаты Алтынбек Абдулманов «Қазтест» жүйесімен таныстырды. Әсіресе, «Қазтест» жүйесінен әркімнің де өтуі керектігі айтылды. Сонымен қатар мемлекеттік тіл туралы жаңа заңды тезірек қабылдау, мемлекеттік қызметкерлерге қазақ тілін білуді міндеттеу, өзге ұлт өкілдеріне тіл үйрету туралы сөз болды.
Жиында аталмыш қоғамдық кеңестің құрамы мен жұмыс жоспары бекітіліп, айтылған ұсыныс-пікірлер жоғары органдарға жіберілетін болып шешілді.