Оралда мерекелік фестивальға 3 мың бала қатысты

ОРАЛ. KAZINFORM – Оралда «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясындағы онкүндік бүгін Тұңғыш Президент алаңында өткізілген «Мен бақытты баламын!» атты фестивальмен қорытындыланды. 

Оралда мерекелік фестивальға 3 мың бала қатысты
Фото: Орал қаласы білім беру бөлімінен

Үш мың бала мерекелік іс-шараға жиналып, балалар мен ата-аналарды БҚО әкімі Нариман Төреғалиев құттықтады.

Орал қаласы білім беру бөлімінен
Фото: Орал қаласы білім беру бөлімінен

Өңір басшысының мәлім еткеніндей, биылғы жылы Халықаралық балаларды қорғау күнін атап өту Бала құқықтары туралы конвенция ережелеріне сәйкес мемлекет пен қоғамның назарын әрбір жас қазақстандықтың әл-ауқатын арттыруға аударуға бағытталды. Бұл өз кезегінде болашақ ұрпақтың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау жолындағы мемлекет тарапынан атқарылып жатқан игі бастамалардың айқын көрінісі болмақ.

– Мемлекет басшысының білім саласына қатысты тапсырмаларын және стратегиялық маңызы бар құжаттарды сапалы жүзеге асыру бағытында облыста ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жыл сайын ауыл мектебін жаңғырту, қолданыстағы мектептерді күрделі жөңдеу және заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Биылғы оқу жылында 193 робототехника, химия, биология, физика және STEM-пәндер бойынша заманауи пәндік кабинеттер жабдықталды. 2024-2025 оқу жылында облыс бойынша 365 мектепте балалар 100 пайыз ыстық тамақпен қамтылды, - деді Н.Төреғалиев.

Орал қаласы білім беру бөлімінен
Фото: Орал қаласы білім беру бөлімінен

Мерекелік іс-шара балалардың жазғы демалысын мазмұнды өткізуге бағытталған түрлі алаңдармен ерекшеленді. 

«Жазғы кітап әлемі» алаңында балаларға арналған кітаптар таныстырылып, олардың оқуға қызығушылығын арттыруға мән берілді. 

«Салауатты өмір – жарқын болашақ кепілі» алаңында денсаулықты сақтау мен нығайтудың маңыздылығы түсіндірілді. 

«Қайсар жүрек» алаңында қауіпсіздік ережелері үйретіліп, жасөспірімдер қауіпсіздігіне назар аударылды.

Орал қаласы білім беру бөлімінен
Фото: Орал қаласы білім беру бөлімінен

«Отбасы – бақыт мекені» алаңында отбасылық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған шаралар өтті. 

«Серпін» және «Өнер мен қиял әлемі» алаңдарында балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту жұмыстары жүргізілді. 

«Роботәлем» алаңында заманауи технологиялармен танысу мүмкіндігі ұсынылды. Балалар роботтармен ойнап қана қоймай, қарапайым модельдерді құрастырды. 

Виртуалды шындық аймағында VR көзілдіріктері арқылы жеткіншектер қызықты әлемге саяхат жасады және түрлі LEGO конструкторлармен қызықты жобалар құрастырып, техника негіздерін түсінді. 

Орал қаласы білім беру бөлімінен
Фото: Орал қаласы білім беру бөлімінен

Креативті фотобөлікте балалар жаңа технологиялар тақырыбында фотосуретке түсті.
«Өзгерісті өзіңнен баста!» алаңында көшбасшы оқушылар жиналды. Олар қаланы дамыту бойынша ұсыныстарын жеткізді.

«Жарқыра, балапан!» алаңында өнерлі балалар өз таланттарын көрсетті және барлығы бірге флешмобке қатысып, көңілді ойындар ойнады.

Фестиваль балалардың жан-жақты дамуына, шығармашылық қабілеттерін арттыруға және отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған мазмұнды шаралармен жалғасын тапты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жаз кезінде 620-ға жуық лагерь жұмыс істейтінін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар