Оралда мешітте ұрлық жасаған сұғанақ сотталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат -  Оралда бүгін мешітте ұрлық жасаған сұғанаққа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
None
None

Орал қалалық сотынан түскен мәліметке қарағанда, Қуандық Қалимов өткен жылғы желтоқсанда Ж.Досмұхамедов көшесі бойындағы  қалалық және одан кейін қызыл мешітке келіп, сыртқы киімдерін ілгішке іліп қойған төрт қала тұрғынының күртелерінің қалтасына түскен. Барлығы 303 мың теңгені жымқырған.

Онымен қоймай, 25 желтоқсан күні сағат 06.00 шамасында Атырау-Орал жолы бойында жәбірленуші Ш-ға бірнеше мәрте соққы жасап, оның шалбарының қалтасынан жеке куәлігін, банкоматтық карточкасын, 185 мың теңгесін ашық түрде суырып алып, оқиға орнынан бой тасалаған.

Жәбірленушілер соттан Қ.Қалимовті кешіретінін, материалдық залалдың өндірілгенін айтып, оны ҚР ҚК 68-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық жауапкершіліктен босатуды сұраған.

Сот Қ.Қалимовқа жаза кескен кезде қылмыстың сипаты мен қоғамға қауіптілігін, ауыр қылмыс жасағанын, бұрын сотталғанын ескерді.

Орал қалалық соты ҚР ҚК 188-бабы 2-бөлігі 2-тармағы, 68-бабы 1-бөлігіне сәйкес жәбірленушілер А.Қайырбаев, Ж.Еркінов, Р.Отаралы, Ғ.Нығметовке қатысты эпизодтары бойынша өзара татуласуларына байланысты сотталушыны қылмыстық жауапкершіліктен босатты. Әйтсе де Қ.Қалимов ҚР ҚК 191-бабы 2-бөлігі 1-тармағымен айыпты деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды.

ҚР ҚК 60-бабына сәйкес үкімдердің жиынтығы бойынша Атырау қалалық сотының 2016 жылғы 13 қазан күнгі үкімімен кесілген жазасының өтелмеген бөлігі ішінара қосылып, Қ.Қалимов түпкілікті 3 жыл 2 айға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі орта қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды.

Сот үкімі күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, Атыраудан келіп, мешітке келушілердің қалтасына түскен ұры туралы бұдан бұрын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар