Оралда модульдік аурухана құрылысы аяқталып келеді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Орал қаласында модульдік жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы аяқталып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің мәлім еткеніндей, тез салынып жатқан 200 төсектік аурухана құрылысы 95 пайызға аяқталған.
Өңірде күн сайын 30-дан 45-ке дейін коронавирус жұқтырғандар тіркелуде. Бұл алаңдатпай қоймайды. Мұның бір себебі – Батыс Қазақстан Ресейдің бес бірдей облысымен шектеседі. Күн сайын 2 мың – 2500-дей адам шекарадан өтеді. Олардың арасында жүргізушілер, жаяу жүргіншілер де бар.
«Біз зертханалар санын ұлғайттық. Қазір тәулігіне 2750-ге дейін зерттеу жасай алатын 8 зертхана бар. Тәулігіне 1200-ден 1600-ге дейін зерттеу жасалуда. Облыста 7 жұқпалы аурулар стационары болса, қазір олар 33,2 пайызға толған. Резервте 2028 төсек (1253 жұқпалы аурулар, 775 карантиндік) әзірленді. Облыстың медицина ұйымдары қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Медицина қызметкерлерінің тапшылығы жоқ. Дәрі-дәрмек те жеткілікті», деді Ғ.Есқалиев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да пайдаланылмай жатқан 909,8 мың гектар ауыл шаруашылығы жері анықталғанын, өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,4 трлн теңгеге жеткенін, Оралда «Ақжайық» шағынауданында алдағы жылы тұрғын үй салу басталатынын жазған болатынбыз.
Облыс әкімі «сары қыздың» елесіне байланысты түсінік берді.
Сондай-ақ Батыс Қазақстанда шалғайдағы 70 елді мекен интернетпен қамтылатын болды.