Оралда модульдік инфекциялық аурухана пайдалануға берілді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда модульдік жұқпалы аурулар ауруханасы пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа нысанның ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Ғали Есқалиев өткен жылдың коронавирус індетімен күрес жылы ретінде есте қалатындығын атап өтті.

Оның сөзіне қарағанда, 2020 жылдың қаншалықты қиын болғанын медицина қызметкерлері жақсы біледі. Олар уақытпен санаспай, екі-үш ауысым бойы еңбек етті.

Соған қарамастан, індет халқымызға ауыр тиді. Науқастар үшін орын жетпей, күтіп қалған уақыттар болды.

Тиісті құрал-жабдықтар мен медицина қызметкерлерінің тапшылығы сезілді. Өңірде 500-ге жуық медицина қызметкері індетке шалдығып, төрт дәрігер өмірден озды.

«Індетке бүкіл әлем, елдегі инфрақұрылым дайын болған жоқ. Сондықтан Мемлекет басшысы Үкіметке өңірлерде қысқа мерзімде модульдік ауруханалар салу жөнінде тапсырма берді. Соның нәтижесінде, міне, құны 7,2 млрд теңге тұратын модульдік аурухана бой көтерді. 140 орындық облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының ғимараты 1964 жылы салынған. Жаңа ғимарат салу қажеттігі туындап жүрген. 200 орындық модульдік аурухана санитарлық талаптарға сай, барлық керек-жарақтармен қамтамасыз етілген», деді Ғ.Есқалиев.

Өңір басшысы қауіптің әлі сейілмегенін, сол себепті тұрғындардың да өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, шектеу шараларын бұлжытпай сақтауы керектігін жеткізді.

Індетке шалдыққандарды емдеуге арналған модульдік ауруханада барлығы 200 төсек болса, соның 20-сы – жансақтау орындары. «Жұлдыз» шағынауданында 4 гектардан астам жерді алып жатқан аурухананың жалпы алаңы – 6800 шаршы метр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда модульдік жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы аяқталғанын, Батыс Қазақстанда 180-ге жуық адамның жұқпалы аурулар стационарында жатқанын жазған едік.


Суреттерді түсірген Рафхат Халелов


Соңғы жаңалықтар