Оралда монша өртеніп кетті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда монша өртеніп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

БҚО ТЖ департаментінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға кеше болған. Жеке тұрған монша отқа оранып, өрт аумағы 100 шаршы метрді қамтыды.

«Тілсіз жау» өрт сөндіру қызметінің күшімен (17 адам, 5 техника) сағат 03.50-де ауыздықталды. Зардап шеккендер жоқ.

Өрттің шығу себебі, келтірілген шығын, кінәлі адамдар анықталу үстінде.

Департамент бастығы Жасұлан Жұмашевтың айтуынша, соңғы күндері сондай-ақ Ақжайық, Теректі, Бәйтерек, Бөкей ордасы және Шыңғырлау аудандарында өрт оқиғалары тіркелді.

20 маусым күні сағат 14.43-те Ақжайық ауданы Тайпақ ауылында Құрманғазы көшесі 17-мекенжайда аумағы 55 шаршы метр шаруашылық құрылысы жанды. Сол күні Теректі ауданы Подстепный, 21 маусым күні Бәйтерек ауданы Щапов ауылдарында қора-қопсы өртенді. Шыңғырлау ауданы Қызылкөл ауылында шаруашылық құрылысы мен 12 тонна пішен жанып кетті. Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында да қора-қопсыға қоса 0,3 тонна шөп өртенген.

Орал қаласы «Волна» саяжай қоғамында 21 маусым күні сағат 21.04-те адам тұрмайтын саяжай үйі (40 шаршы метр) отқа оранды.

«Өрттің негізгі себептері отпен абай болмау, электр құралдарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаудан туындап отыр. Сонымен қатар мал азығын дайындау және жинап, сақтау кезінде де аса мұқият болу керек. Күн ыстық кезде сөндірілмеген алау, лақтыра салынған сіріңке мен темекі тұқылынан да от тұтанып кетуі әбден мүмкін», деді Ж.Жұмашев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жол үстінде екі тіркеме өртеніп, 5 тонна шөп жанып кеткенін жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар