Оралда мүгедектер үшін бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды
ОРАЛ. 16 тамыз. ҚазАқпарат - 15 тамыз күні Оралдағы жастар мәдениет сарайында облыстық ішкі саясат басқармасының және қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қолдауымен «Батыс Қазақстан облыстық Семей ядролық сынақ полигоны мүгедектері қоғамы» қоғамдық бірлестігі мүгедектерге арналған бос орындар жәрмеңкесін өткізді.
Мұндай жәрмеңке бұдан бұрын Оралда биылғы 7 маусымда ұйымдастырылған еді. «Батыс Қазақстан облыстық Семей ядролық сынақ полигоны мүгедектері қоғамы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған сол жәрмеңкеде 75 жұмыссыз тіркеліп, олардың 45-і сол бойда жұмысқа орналасып, қалғандары қайта даярлау курстарына жолданған.
- Бірінші рет ұйымдастырылған жәрмеңке нәтижесінде еңбек етуге құлшынысы жоғары мүгедек жандар аз емесіне көзіміз жетті. Тіркелген жұмыссыздардың басым бөлігі жұмысқа тұрды. Бүгінгі шарадан да оң нәтиже күтеміз, - дейді облыстық ішкі саясат басқармасы үкіметтік емес және діни бірлестіктермен жұмыс бөлімінің бастығы Жамал Ихсанова.
Жәрмеңкеге 30 мекеме қатысып, 300-дей бос орын ұсынылды. Олардың ішінде оператор, күзетші, бухгалтер, жүйелік ұйымдастырушы секілді мамандықтар бар.