Оралда мүмкіндігі шектеулі адамдарды тасымалдауға бөлінген 50 миллион теңге талан-таражға түскен
ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласының прокуратурасы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде бюджет қаражатының талан-таражға салғанын анықтады. Бұл туралы жергілікті прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Прокуратура қызметкерлері мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде бөлінген бюджеттен 50 миллион теңге жымқырылғанын анықтады.
«Бұл факт мүмкіндігі шектеулі адамдарды автомобиль көлігімен тасымалдау бойынша қызметтер көрсетуді тексеру барысында анықталды. Мүгедектігі бар адамдарды тасымалдайтын жауапты мекеме көрсетілген қызметті растайтын жалған актілер ұсынып, сағат саны мен көрсетілетін қызметті алушылардың ақысын асыра бағалау арқылы бюджет қаражатына шығын келтірген» - делінген хабарламада.
Материал прокуратура ақпаратын есепке алу кітабында тіркелді. Аталған іс ҚР ҚК-нің 189-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша (адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) шешім қабылдау үшін Батыс Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеу департаментіне жолданды.