Оралда мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдағандарға қатысты сот үкімі шықты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдағандарға қатысты үкім шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш соттан түскен мәліметке қарағанда, айыпталушылар 2014 жылғы маусымның соңы мен 2017 жылдың 5 қыркүйегіне дейін қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпке, меншікке қайшы келетін іс-әрекеттерге барып, экономикалық қызмет саласында қылмыс жасаған.

Қайрат Намазбаев транұлттық ұйымдасқан топ құрып, оған Жандос Қайырбаев, Тимур Қалиев, Айбек Балтұрманов, Нұрлан Кенженов қатысқан.

Олар мұнай және мұнай өнімдерін аса ірі көлемде заңдылығын көрсететін құжатсыз тасымалдаған, сатып алып, өткізген.

Сондай-ақ декларациялар мен құжаттарға кірістер мен шығыстар туралы көрінеу бұрмаланған мәліметтерді енгізе отырып, жұмыстың нақты орындалғаны, қызмет көрсету, тауар жөнелтілгені жазылмаған шот-фактураларды пайдалану арқылы ірі көлемде салық және басқа бюджетке міндетті төлемдер төлеуден жалтарған.

Сот үкімімен Қ.Намазбаев ҚР ҚК 197-бабы 4-бөлігі 1 және 2-тармағы (мұнайдың және мұнай өнiмдерiнің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иемдену, өткiзу, сақтау, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеу), 218-бабы 3-бөлігі 2 және 3-тармағы (қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату), 28-бабы 3-бөлігі, 244-бабы (азаматтың салық және (немесе) бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуден жалтаруы), 245-бабы 3-бөлігі (ұйымдарға салынатын салықты және (немесе) бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуден жалтару), 264-бабы 1-бөлігіне (трансұлттық ұйымдасқан топ, трансұлттық қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу) сәйкес айыпты деп танылды. Ол 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды.

Ал Ж.Қайырбаев, Т.Қалиев, А.Балтұрманов және Н.Кенженовке сегіз жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі орта қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу кесілді.

Оған қоса іс жүзінде жұмыстары орындалмаған, қызметтері көрсетілмеген, тауарлары жөнелтілмеген шот-фактуралар жазуға барған Бақытжан Жақатаев бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі орта қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар