Оралда «Наурыз-думан» ұлттық өнер кеші өткізілді
ОРАЛ. ҚазАқпарат - 21 наурыз күні Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесіне орай Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның үлкен залында «Наурыз-думан» ұлттық өнер кеші өткізілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Филармония ұйымдастырған мерекелік шара шымылдығы «Назерке» халықтық би ансамблінің биімен ашылып, «Орал сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің сүйемелдеуімен Күләш Қуанышқалиева «Той базар» халық әнін шырқады.
Содан кейін Әсел Мұржанова «Қыз Жібек» операсынан Жібектің әні «Гәккуді» әуелетсе, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Дастан Есентеміров Шегенің ариясын шалқытты. Хор ұжымының сүйемелдеуімен Ернар Өмірәлінің халық әні «Он алты қызды» орындауы да ерекше әсер қалдырды.
Сонымен қатар сопранолар шеруі, халық әндерінен попурри, ұлттық ойындар көрермендер назарына ұсынылды. Концертте сондай-ақ «Мәдениет саласының үздігі» Майра Хайдарова, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Жаңылсын Хасанова, Айбар Хайырханов, республикалық байқаулардың лауреаттары Дария Бақытова, Ақсұлу Жұмалиева, Ақмарал Ахметова, Айым Шекеева, Айдана Әжіғалиева, Данияр Есқали, Ақбөбек Қайыржанова өнер көрсетіп, көпшілік қошеметіне бөленді.
Айта кетейік, 22 наурыз күні Наурыз мейрамына арналған театрландырылған шара биыл алғаш рет Орал қаласындағы 7-шағынаудандағы жаңа алаңда өтеді. Оған қоса шаһарда басқа да мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырылуда.