Оралда неліктен адам басына 10 жұмыртқадан ғана сатылып жатыр

жұмыртқа
Фото: Pixabay

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласындағы әлеуметтік дүкендерде жұмыртқа бір қолға 10 данадан сатылып жатырғаны жөнінде мәліметтің тарауына байланысты БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы механизация және қайта өңдеу бөлімінің басшысы Берік Ситқазиев түсінік берді.

Маманның айтуынша, тұрақтандыру қорының жұмыртқасы жаңажылдық мереке кезінде 20 желтоқсаннан 31 желтоқсанға дейін бір қолға 10 данадан сатылған.

1 қаңтардан бастап бұл шектеу алынып, қазір бір қолға 30 дана жұмыртқадан сатылуда.

«Бағаны тұрақтандыру мақсатында өткен жылы маусымда жергілікті тауар өндіруші — „Агрофирма „Ақас“ ЖШС-ға „айналым схемасы“ тетігі аясында 3,8 млн дана тауық жұмыртқасын жеткізуге 160 млн теңге көлемінде займ берілген. Мұны 2023 жылдың қазаны мен 2024 жылдың мамыры арасында жүзеге асыру көзделген. Қазан айынан бері тауық жұмыртқасы 50 сауда нүктесіне әр данасын 43 теңгеден әкелінуде. Сауда орындары оған 10 пайыз сауда үстеме қосып, 10 данасын 473 теңгеден сатуда. Жұмыртқаның көтерме саудасына жол бермеу үшін бір қолға 30 данадан сатуға шектеу қойылды. „Агрофирма „Ақас“ ЖШС келісімшартқа сәйкес күні бүгінге дейін 1,8 млн астам дана тауық жұмыртқасын өткізді. Жұмыртқаны төмен бағамен сату биылғы жылдың мамырына дейін жалғасады», — деді Б.Ситқазиев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жұмыртқа бір адамға 10 данадан сатылып жатқанын жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар