Оралда нөсер жауыннан кейін 7 тұрғын үйге су кірді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда нөсер жауыннан кейін 7 жеке тұрғын үйге су кірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, 3 маусым күнгі сағат 21.00-ден бүгін таңғы сағат 07.00-ге дейін оған қоса 40-тан астам тұрғын үйдің аула аумағын, 7 әлеуметтік нысанның жертөлесін су алды.

Бүгін сағат 09.00-ге дейін ТЖ департаменті және жергілікті атқарушы органның күшімен 2045 текше метр су сорылды.

125 қызметкер 45 техника, 17 мотопомпамен жұмыс жасауда.

Бүгін сағат 02.00-де «Батыс су арнасы» ЖШС №3 кәріз-сорғы стансасында апатты жағдай орын алып, сағат 03.00-ден бастап Орал қаласында салқын су беру тоқтатылды.

Аталмыш мекеменің бригадасы жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын атқарып, қазіргі кезде су берілді.

Сонымен қатар кеше кештен бастап жауған жаңбырдың салдарынан қаланың біраз бөлігі электр жарығынсыз қалды.

«Бүгін де «Қазгидромет» РМК мәліметіне сәйкес Батыс Қазақстан облысының кей жерлерінде найзағай ойнап, бұршақ жауып, шаңды дауыл көтеріледі. Солтүстік-шығыстан соғатын желдің жылдамдығы кей жерлерде секундына 15-20 метрге жетуі ықтимал. Қалыптасқан

жағдайға байланысты БҚО ТЖ департаментінде жедел штаб құрылды. Шұғыл көмек күткен тұрғындардың 8-711-2-55-40- 88 телефонына қоңырау шалуына болады», деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда найзағай түсіп , гараж бен автокөлік өртеніп кеткенін, қатты желдің ғимараттың шатырын жұлып әкеткенін жазған болатынбыз.





Соңғы жаңалықтар