Оралда облыстық экологиялық олимпиада өткізілуде

ОРАЛ. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде қаңтардың 27-сінде облыстық экологиялық-биологиялық орталықтың ұйымдастыруымен оқушылардың үшінші облыстық экологиялық олимпиадасы басталды,

Оралда облыстық экологиялық олимпиада өткізілуде

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жас ұрпақтың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоғамдағы экологиялық мәселелерді шешуге деген қызығушылықты арттыру мақсатында өткізіліп отырған олимпиадаға аудандар мен қала мектептерінен оқушылар қатысуда.

Университет жаратылыстану-математика факультетінің деканы, биология ғылымдарының кандидаты Жасқайыр Қарағойшиннің айтуынша, биологиялық ортаның тепе-теңдігін сақтау, қоршаған ортаның экологиялық мәселелерін түсіну, өскелең ұрпақтың бойында жаратылыстануды терең сіңіру үшін қолға алынған бұл шараның пайдасы ұшан-теңіз.

Осымен үшінші рет ұйымдастырылып отырған олимпиада екі күнге созылмақ. Қатысушылар экологиялық сарамандық тапсырмаларды орындап, сынақ зертханасында жұмыс істеп, облыс экологиясымен айналысып жүрген мамандармен кездесетін болады.