Оралда оқ жарақатын алған полиция қызметкері жансақтау бөлімінде жатыр

Полиция
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

ОРАЛ. KAZINFORM – БҚО полиция департаментінде оқ жарақатын алған полиция қызметкері жансақтау бөліміне түсті.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, қазіргі кезде оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. 

Департамент мәліметіне қарағанда, полиция қызметкері жансақтау бөлімінде. ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, бүгін сағат 07.41-де Пугачев көшесі 45-мекенжайда орналасқан полиция департаментінің бақылау пункті ғимаратында оқ жарақатын алған адамнан қан кетіп жатқаны жөнінде шақырту түскен. 

«Жедел медициналық жәрдем бригадасы 2003 жылғы жігітті облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізді. Науқасқа шұғыл түрде ота жасалды. Қазіргі уақытта жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы өте ауыр», - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 4 адам қаза тапқан жол оқиғасынан кейін екі адамның санавиациямен Оралға жеткізілгенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар