Оралда оқушылар БҰҰ үлгісінде пікір алмасты

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда алғаш рет оқушылар арасында Біріккен Ұлттар Ұйымы моделі конференциясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оралда оқушылар БҰҰ үлгісінде пікір алмасты

Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебі ұйымдастырған конференцияның мақсаты - әлемдік мәселелерді зерттеу арқылы оқушылардың танымдық дағдысын дамытып, академиялық білімін тереңдету, ынтымақтастық, келіссөздер жүргізу қабілеттеріне, маңызды мәселелерді шешу жолдарын таба білуге баулу.

Жиынға Ақтөбе қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің, сондай-ақ өңірдегі дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы №11 қазақ мектеп-интернат кешені, дарынды балаларға  арналған мамандандырылған №8 облыстық мектеп, «Білім-Инновация» лицейі, №7 жалпы орта білім беретін мектеп және зияткерлік білім ошағының оқушылары қатысты.
null  

Конференция барысында оқушылар екі топқа бөліп, 24 елдің өкілдері ретінде жұмыс жасады. Олар «Балаламалы энергия көздері» және «Жер бетінен жойылып бара жатқан жануарларды сақтау және қорғау» мәселелерін талқылады. Қатысушылар аталған мәселелерді талқылап қана қоймай, БҰҰ моделінің форматына сәйкес өзара серіктестік құрып, мүдделес мемлекеттер ретінде бірігіп, мәселелердің шешу жолдарын ұсынды.

Конференция ұйымдастырушыларының айтуынша, бұл форматтағы шаралар оқушылардың бойында қазіргі таңда жастарға қажетті дағдыларды дамытады. Оқушылар ролдік ойын ретінде өтетін бұл конференция барысында жаһандық мәселелерді шешуге өз үлестерін қосуды көздейді, жұмыстану барысында ізденеді, түрлі дереккөздермен жұмыс жасайды.
null 

«Конференция ағылшын тілінде өтті. Бұл біздің мектеп жасындағы оқушыларымыздың тілдік қабілеті, бәсекелік әлеуеті жоғары екендігін көрсетеді», деді Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы Ақмоншақ Жұмаева.