Оралда Олимпиада жүлдегері Ларионоваға пәтер берілді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Астана күні қарсаңында Оралға қарасты Зачаган кентінде «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларына арналған 144 пәтерлік тоғыз қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Оралда Олимпиада жүлдегері Ларионоваға пәтер берілді

Салтанатты жиында облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атап өткеніндей, өңірде Елбасы бастамасымен қолға алынған «Нұрлы жер» бағдарламасына сәйкес 11 көпқабатты тұрғын үй (1600 пәтер) салынып жатса, соның 10-ы - Оралда, біреуі Ақсайда бой көтеруде. Сондай-ақ сегіз ауданда 245 пәтерлік 191 бірқабатты үй тұрғызылмақ. Осы үйлер құрылысына 10 млрд. астам теңге, инфрақұрылым тартуға 2 млрд. астам теңге бөлінді.  

Шараға қатысқан «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова аталмыш банктің өңірдегі салымшылары 47 мыңға жеткендігін, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстың жалғасатынын мәлім етті.

Өңір басшысы салтанатты шара барысында әйелдер күресінен Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Екатерина Ларионоваға да бір бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. Олимпиададағы жеңісінен кейін уәде етілген пәтерді беру түрлі себептермен кешеуілдеп қалған болатын. Оның сәті бүгін түсіп отыр.

Еске сала кетейік, Е.Ларионова өткен жылы жарақатына қарамастан, Олимпиадаға қатысып, қола жүлдеге қол жеткізген болатын. Содан кейін оған Германияда ота жасалып, емделді.

«Катя денсаулығы қалпына келгеннен кейін жаттығуға қайта кірісетін болады», - деді палуанның анасы Наталья Ларионова.