Оралда олимпиада жүлдегерлері бапкерлердің біліктілігін арттыруда
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында 3-4 ақпан күндері Қазақстан Республикасы Дзюдо федерациясы өкілдерінің қатысуымен дзюдодан бапкерлер семинары өтіп жатыр.
Оралда осындай дәрежеде алғаш рет ұйымдастырылып отырған семинарда олимпиада ойындарының жүлдегерлері, дзюдодан ҚР ұлттық құрамасының жаттықтырушысы Айдын Смағұлов, Дзюдо федерациясы дамыту жөніндегі директоры Асхат Житкеев, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Дзюдо федерациясы ғылыми-әдістемелік тобының жетекшісі Михаил Шепетюк батысқазақстандық бапкерлерге дәріс беруде.
Федерация өкілдерінің айтуынша, семинардың басты мақсаты - жалпы еліміз бойынша дзюдо күресінің деңгейін көтеру және жаттығу бағдарламаларын ортақ жүйеге түсіру. Осылайша, дзюдо күресінен еліміздің барлық аймақтарындағы бапкерлердің біліктілігін шыңдауға арналған пилоттық негіздегі жоба Орал қаласынан бастау алып отыр.