Оралда өңірдегі ең үлкен спорт кешенінің құрылысы басталды
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес көпфункционалды спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кешеннің іргетасын Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев пен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ төрағасы Мағзұм Мырзағалиев қалады. Облыс әкімінің атап өткеніндей, Қасым-Жомарт Кемелұлы спортты дамыту мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. Соған орай, елімізде 2020-2025 жылдарға арналған дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту жөнінде кешенді жоспар қабылданғаны белгілі.

«Президентіміз өз Жолдауында бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне басымдық беріп, әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін көптеп ашу қажеттігін айтты. Осы орайда салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 9 ауданда спорт кешені пайдалануға берілді. Тағы 4 кешен салынуда. 2024 жылдың соңына дейін біз барлық ауданды дене шынықтыру-сауықтыру кешенімен қамтитын боламыз», - деді Н. Төреғалиев.
Оның сөзіне қарағанда, Мемлекет басшысы биылғы наурыз айындағы Батыс Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапарында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ қаражаты есебінен Орал қаласында көпфункционалды спорттық-сауықтыру кешенін салу мәселесін пысықтау бойынша тапсырма берді. Тапсырмаға сәйкес спорт кешенінің құрылысын жүргізу үшін 10-шағын аудандағы осы жер телімі белгіленген еді. Енді міне, құрылысы басталып отыр.

Қазіргі таңда өңір спортшылары көпфункционалды спорт ғимаратының жоқтығына қарамастан, жоғарғы деңгейде өнер көрсетіп жүр. Соңғы екі жылда Ақ Жайықтың 33 спортшысы әлем, 14-і – Азия, 479-ы Қазақстан чемпионы атанды.
Айта кетейік, аталмыш ғимаратты 2024 жылдың аяғында салып бітіру жоспарланған. Ол өңірдегі ең ірі спорт кешені болмақ.
