23:34, 31 Қазан 2024 | GMT +5
Оралда өрт болған сауда орталығынан 150 адам сыртқа шықты
ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласы Абай даңғылындағы сауда ойын-сауық орталығында өрт болды.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 31 қазан күні сағат 20.49-да болды.
«Сауда орталығының сыртқы жағында үшінші және төртінші қабаттың арасындағы жарнамалық логотип жанған. Сауда орталығынан 150 адам өз бетімен шықты. Өрт сағат 21.05-те оқшауланып, жедел түрде 21.07-де сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталу үстінде. Оқиға орнына барлығы 67 адам, 20 техника барды», - деп хабарлады ведомстводан.
Куәгерлердің сөзіне қарағанда, кино көріп отырған кейбірі сауда орталығынан тез шығып үлгерген.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында қос қабатты кафеде өрт шыққанын жазған болатынбыз.