12:02, 05 Қыркүйек 2017 | GMT +5
Оралда өртенген үйден 3 адамның мүрдесі табылды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - 5 қыркүйек күні сағат 06.45-те БҚО ТЖ департаменті өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің орталық пунктіне Зачаган кенті Южная көшесі 11-мекенжайында уақытша тұрғын үйдің жанып жатқаны жөнінде мәлімет түскен, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО ТЖ департаменті өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, уақытша мекенжайда жиһаз, ішінара еден және жеке заттар отқа оранған.
Өрт орнынан үш адамның мүрдесі табылды. 1994 жылғы азаматша, 2011 жылғы бала және үшінші адам анықталу үстінде.
Өрттің жалпы аумағы 10 шаршы метрді құрады. 07.30-да өрттің беті қайтып, 07.51-де толықтай ауыздықталды. Оны сөндіруге 3 техника, 12 адам жұмылдырылды.
Қазіргі кезде өрттің шығу себебі, келген шығын, кінәлілер анықталуда.
Осы оқиғаға байланысты БҚО ІІД жедел тергеу тобы жұмыс жасауда.