Оралда өрттен сексен жастағы зейнеткер көз жұмды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - 9 ақпан күні сағат 00.10-да БҚО ТЖ департаменті өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің орталық байланыс нүктесіне «Орал қаласы 8 наурыз көшесі, 31" мекенжайында №1 пәтердің төбесі, дүние-мүлкі өртеніп жатқаны жөнінде хабар түскен, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
ТЖ департаменті өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінен түскен мәліметке қарағанда, өрт сөндіршілер оқиға болған жерге 4 минуттан кейін жеткен. Оқиға орнынан полиция қызметкерлері денесін түгел жалын шалған 1936 жылғы үй иесін алып шықты. 30 шаршы метр аумақты қамтыған өрт сағат 01.42-де толықтай сөндірілді.
Өрт сөндіруге 2 техника, 12 адам жұмылдырылды.
Қазіргі кезде өрттің шығу себептері, келтірілген шығын, кінәлі адамдар анықталуда.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Флюра Саматованың айтуынша, қария қалалық көп бейінді ауруханаға жеткізілгенмен, көз жұмды.