Оралда өтіп жатқан велоспорттан ел чемпионатында астаналықтар алда келеді
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында жасөспірімдер арасында велоспорттан өтіп жатқан ел чемпионатының алғашқы үш күнінің нәтижелері белгілі болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Велоспорттан БҚО құрамасының аға бапкері Бейбіт Ибатовтың айтуынша, 5 шілде күні жекелей сында 15-16 жастағылар арасында 20,5 км қашықтықта астаналықтар Сергей Кармажаков пен Нұржан Хатпин мәре сызығын бірінші, екінші болып қиса, батысқазақстандық Дмитрий Носков үшінші орынға көтерілді. 13-14 жастағылар арасында 15 км қашықтықта астаналықтар Кенже Жаңбыршы, Егор Стрельников және Дмитрий Васильев жүлделі орындарды өзара бөлісті. 15-16 жастағы қыздар арасында 15 км қашықтықта Ақмола облысынан келген Ульяна Сухоребрик чемпион атанса, астаналық Диана Буканова күміс, қызылордалық Әсем Төлемісова қола жүлдеге ие болды. 13-14 жастағылардан астаналық Любовь Репп жеңіс тұғырына көтерілсе, Алматы облысынан келген Бота Батырбекова мен ақмолалық Елизавета Гринберг үздік үштікке ілікті.
Кеше командалық жарыста 15-16 жастағылар арасында алматылықтар (Максим Попугаев, Виктор Ставицкий, Димаш Әбдірахманов, Кирилл Демьянов) бірінші, БҚО құрамасы (Никита Казакевичус, Дмитрий Носков, Руслан Елубаев, Илья Колесов) екінші, жамбылдықтар (Осман Оглы Коя, Бекзот Мағрипов, Роман Дрожинин, Денис Кузьмин) үшінші орынға ие болды. 13-14 жастағылардан астаналықтар (Кенже Жаңбыршы, Егор Стрельников, Кирилл Стрельченко, Дмитрий Васильев) ешкімге дес бермесе, алматылықтар (Андрей Ремхе, Данил Остренков, Владимир Колтунов, Рудольф Ремхе) мен батысқазақстандықтар (Дмитрий Куликов, Тұрлан Жұмалиев, Михаил Осипов, Иван Зобнин) сәйкесінше күміс, қола жүлдені еншіледі. Жұптық-командалық бәсекеде 15-16 жастағы қыздар арасында 20,5 км қашықтықта қызылордалықтар Әсем Төлемісова мен Ақтолқын Әбдіжаппар, сондай-ақ алматылықтар Алена Ненина мен Ақпейіл Өсім және Кристина Стужук пен Кристина Титовская жүлделі орындарға ие болды. 13-14 жастағылардан ақмолалықтар Нина Зайцева мен Елизавета Гринберг алтыннан алқа тақса, шығысқазақстандықтар Елена Мандракова мен Дарья Тюлькина екінші, алматылықтар Бота Батырбекова мен Әселина Өтебаева үшінші орыннан көрінді.
Медальдар саны жөнінен 4 алтын, 3 күміс, 1 қола жүлдені иеленген астаналықтар алда келеді.
Бүгін топтық жарыста 80 км қашықтықта оралдық Никита Казакевичус чемпиондық атақты жеңіп алды.
Айта кетейік, жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігі 9 шілде күні мәреге жетеді.