Оралда өткен гранд балдан түскен қаржы науқас балаларды емдеуге жұмсалмақ
Онда облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атап өткеніндей, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірде жаңа жобалар қолға алынып, шаралар ұйымдастырылып жатса, соның бірі - осы қайырымдылық балы. Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында алда тұрған мақсат-міндеттерді көрсетіп бергені белгілі. Соның ішінде туған жер мен елге құрметтің орны ерекше. Осы орайда гранд балға қатысушы 100 дебютант жүз отбасыға көмек көрсетіп, сыйлықтар үйлестірді. Қытайда өткен «I am singer» жобасының жүлдегері, қазақтың дарынды ұлы Димаш Құдайберген қаладағы әлеуметтік қызмет көрсету мекемесіне барып, қамкөңіл қариялармен кездесті. Тамылжыта ән салып, көңілдерін көтерді. Ал актер Асылхан Төлепов жалғыз басты қарияның ауласын тазалап берді. Ақ Жайық өңіріне келген өзге де қонақтар осындай бағыттағы қайырымдылық көмектерін аямады. «Бұл - үлгі боларлық іс. Біздің рухани жаңғыру жолындағы бірлігіміз бен ынтымағымыздың көрінісі. Осы шараның өтуіне ұйытқы болған ұйымдастырушыларға, әсіресе, Алпамыс Шаримовке алғысымды айтқым келеді. Ол қайырымдылық гранд балының осылай керемет өтуіне ұйытқы болып, өнер жұлдыздарының атсалысуын қамтамасыз етті. Сонымен қатар бір ай бойы арнайы дайындықтан өткен 100 қатысушыға ризашылығымды білдіргім келеді», - деді өңір басшысы.
Қайырымдылық кешті Асылхан Төлепов, Гүлнәр Селбаева, Нұрбигүл Егізова мен Сергей Жужа жүргізіп, бал бишілерін ортаға шақырды. Оларды кештің басты қонағы, махаббаттары арқылы көпшілікке ауыр дерттің өзін жеңуге болатындығын көрсеткен қос ғашық Марлен Нұрғасенов пен Әнел Мұратова бастап шықты. Өздерінің сөзіне қарағанда, олардың достығы 16 жастан басталған. Екеуі Атырау облысы Құлсары қаласындағы бір мектепте оқыған. Кейін Марлен тоғызыншы сыныпты бітіріп, Ақтөбе қаласындағы колледжге оқуға түседі де, Әнел Құлсарыда оқуын жалғастырады. Алайда бойжеткен 2009 жылы өкпесіне салқын тигізіп, ота жасатуға тура келеді. Ота Қарағандыда жасалатын болғандықтан, бойжеткен Марленге дерті туралы шындықты айтады. Содан Әнел мен анасы пойызбен Қарағандыға аттанады. Пойыз Ақтөбе облысының Қандыағаш станциясына тоқтағанда, купеге Марлен кіреді. Ол Әнелдің анасына сабағынан қашып кеткенін және қандай жағдайда да Әнелдің жанынан табылатынын айтып, Қарағандыға бірге аттанады. Кейін Қарағанды қаласында уақытша жұмысқа орналасады. Жұмыстан шыға салысымен ауруханаға барып, ғашығының жанынан бір елі алыстамайды. Ал Әнелдің бір өкпесі ота арқылы алынып тасталғандықтан, оттегі балонынсыз жүру мүмкін болмай қалады. Сол сәттерде де бозбала оттегі баллонын бірге тасып, Әнелден жылы сөзін аямай, өмір сүру үшін талпыну қажеттігін үйретеді. Осылай жеті жыл бойы өмірі қыл үстінде тұрған Әнел Мұратова Марлендей азаматтың махаббаты мен қолдауының арқасында дертті жеңіп шыққан болатын.
«Бұдан екі-үш жыл бұрын дәрігерлер өмір сүруіме 30 пайыз ғана мүмкіндік бар деп еді. Алланың қалауымен, Марленнің маған деген махаббатының арқасында осында келіп тұрмын. Өмірде қайырымды адамдар көбейіп, жақсылық толастамасын. Соған бәріміз үлес қоса берейік», - деді Әнел Мұратова.
Бал көйлегін киген қыздар мен смокинг киіп, сымдай тізілген жігіттер фин полькасын, орыстың кадрилін, Италияның паванасын, Шәмшінің вальсін мың бұрала билеп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Оларға осы қайырымдылық шарасына орай «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, балетмейстер Досжан Табылды мен М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің бас балетмейстері, хореограф Қарлығаш Қадырбекова бір ай бойы арнайы дәріс берген болатын.
Шара барысында елге танымал эстрада әншілері өз өнерлерін көрсетті. Әсіресе, Гүлнұр Оразымбетованың «Көкке өрле», Ерке Есмаханның «Қайда», Димаш Құдайбергеннің «Дайдидау» әндері айрықша қошеметке ие болды. Әуелете ән салған соң өнер әлемінің жұлдыздары Ақ Жайық жұртшылығына ақ жарма тілегін арнады.
Айта кетейік, биыл үшінші рет ұйымдастырылған қайырымдылық балының билеті 20 мың теңгеден сатылған. Жиналған қаржы сал ауруына шалдыққан нәрестелер мен Әнел Мұратованың еміне жұмсалмақ.