Оралда өткен республикалық айтыста жүлде ақындарға тең бөлінді
Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында «Азаттықтың ақ таңы» атты республикалық ақындар айтысы мәресіне жетті, деп хабарлайды Kazinform.
БҚО әкімдігі, облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы және «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы» БҚО филиалы бірлесе ұйымдастырған жыр додасына Қазақстанның өңірлерінен 16 ақын қатысып, бақ сынады.
Айтыс алдында «Отан» орденінің иегері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, қазылар алқасының төрағасы Жүрсін Ерман ақындарға ақ батасын беріп, сәттілік тіледі.

Айтысты жүргізген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтайд атап өткендей, мемлекетінің мерейін қалайтын, Отан десе, жүрегі лүпілдейтін әр азаматқа Тәуелсіздіктен қастерлі, одан құнды ештеңе жоқ.
«Осы айтыстың алып даламыздың батыстағы байтақ өлкесі – жайсаң Жайықтың жағасында, ордалы Оралдың төрінде өтуінің үлкен себебі бар. Жыл басынан бері қазақ даласының түкпір-түкпірінде айтыстың небір аламандар өткізілді. Сол дүбірлі додаларда Жайықтың жағасынан шыққан Бауыржан Халиолла бастаған Батыс Қазақстан облысы ақындарының мерейі үстем, еңсесі биік болды. Бір ғана мысал, «Асыл домбыра» айтысының қорытынды есебінде Батыс Қазақстан командасының бас бәйге иеленуі осыған дәлел. Сондықтан жылдың қорытынды айтысын Оралда өткізуді жөн көрдік», -деді А.Әлтай.

Сондай-ақ айтысқа келген облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов сөз алды.
«Еліміз егемендік алып, еңсесін тіктеген 32 жыл ішінде қол жеткізген жетістіктеріміз баршылық. Мемлекет деңгейінде жүзеге асып жатқан тарихи шешімдер мен табысты қадамдар кеудесінде жаны, бойында қаны бар кез келген қандасымызды, отандасымызды ойландырып, толғандырары анық. Мемлекетіміздің бағындыруы тиіс асқақ арманы мен ұлы мұраттарын республикамыздың белгілі ақындары халықтың жүрегіне жеткізеді деп сенеміз», - деді Б.Нарымбетов.

Сахна шымылдығын көптен бері көрінбей кеткен атыраулық Шынарбек Қабиев пен Арқалық қаласынан келген айтыстың ақтаңгері Айбек Қалиев ашты. «Бостандықтан асатын бақыт бар ма, Азаттықтан асатын байлық бар ма!» деген қос ақынның сөзін батысқазақстандық Айнабек Бисенғалиев пен алматылық Шұғайып Сезімхан жалғастырып, ел есінде қалуы тиіс ұлт батырларына құрмет көрсету керектігін атап өтті.

Шымкенттік Біржан Байтуов пен ақтөбелік Қайнар Алагөзов нағыз құрдастарға тән әзіл-қалжыңмен сөз таластыра білді. Қарағандылық Айтбай Жұмағұлов пен батысқазақстандық Бауыржан Ширмединұлы елдік пен ерлік мәселелеріне көбірек бет бұрды. Маңғыстаулық Абай Жолмағамбетовпен сахнаға көтерілген батысқазақстандық Мейірман Шәкенов, әсіресе ауылдарда жол қатынасы, адамдардың қалаға көшуі сынды түйткілді жайттардың шешілмей отырғанын тілге тиек етті. Батысқазақстандық Мұрадым Мирланов пен ақтөбелік Жұлдыз Қожабекова қыз бен жігіттің айтысын тартымды жасады деуге болады.
БҚО-ның тағы бір өкілі Талғат Мықи мен атыраулық Шалқарбай Ізбасаров тәуелсіздік, ел мен жер қадірі туралы өлең шумақтарын құрдастық әзілдермен тұздықтап отырды. Доданың ең соңында шыққан қызылордалық Мұхтар Ниязов пен батысқазақстандық Жансая Мусина тақырыпты терең толғап, арасында қалжың қосып, жұртшылықты бір серпілтіп тастады.
Қазылар алқасының шешімімен айтысқа қатысқан ақындардың бәріне БҚО әкімінің алғысхаты тапсырылып, 500 мың теңгеден сыйақы берілді.
Сонымен қатар қырық жыл бойы айтысты өрге сүйреп келе жатқан Жүрсін Ерманға да Ақ Жайық елі атынан ерекше құрмет көрсетілді.