Оралда өткізілген дөңгелек үстел отырысында Елбасы Жолдауына байланысты мақсат-міндеттер түсіндірілді

ОРАЛ. Қазанның 18-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Оралда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауында айтылған міндеттерді талқылауға арналған дөңгелек үстел отырысы өтті.

Оралда өткізілген дөңгелек үстел отырысында Елбасы Жолдауына байланысты мақсат-міндеттер түсіндірілді

Оған қатысқан «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшімнің пікірінше, биылғы Жолдаудың бір ерекшелігі - алдағы он жылдағы бағыт-бағдарымызды айқындап, нақты міндеттерді көрсетіп беруінде. Сондықтан оны еліміздегі әрбір азаматтың білуі - өзі үшін маңызды. «Жолдауда көрсетілген міндеттердің бірі құқық қорғау саласын реформалау болатын. Екі айдан бері осы бағытта нақты жұмыстар басталды. Реформаның ең бірінші мақсаты жұмыстың тиімділігін артыру болса, екіншіден, жазаны ізгілендіру. Реформа аясында алдағы жылы заңдарға өзгерістер енгізіледі. Жазаларды жеңілдету, яғни ізгілендіру жолға қойылатын болады», - деді ол.

Белгілі саясаткер одан әрі Жолдаудағы экономикалық мәселелерге кеңінен тоқталды. «Ел бірлігі доктринасының» ұлт жанашырларымен бірігіп жасалған нұсқасын таныстыра кетті. Бұл жиынға «Батыс Қазақстан облысының оралмандары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жәңгір Ахметзада, «Батыс Алаш» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Талғат Қатауов және басқа да азаматтар қатысты. Олар ұлт, тіл тағдырына қатысты сұрақтар қойып, өзара ой-пікір алмасты.