Оралда ойын алаңында 7 жасар бала саусағын кесіп алды

None
Фото: Бауыржан Ахметжанның Фейсбуктегі парақшасынан
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда ойын алаңында 7 жасар бала саусағын кесіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әділдік жолы» РҚБ өкілі Бауыржан Ахметжанның Facebook парақшасынан мәлім болғандай, оқиға 6 сәуір күні «Сарытау» шағынауданы М.Мөңкеұлы көшесінде орналасқан ойын алаңында болған.

Оның айтуынша, жеті жасар ер бала шынашағының жартысынан айырылған. Сырғанақтан түскенде, қаңылтыр мен ағаштың ортасына саусағы қысылып қалған.

Облыстық көпбейінді балалар ауруханасы «Оң қолдың бесінші саусағының жарақаттан кейінгі ампутациясы» деген диагноз қойған.


«18 сәуірде баланың анасы бізге арызбен келді. Барып қарасақ, сырғанақтың қаңылтырының астындағы темір тіреуіштер орнынан қозғалып, борт пен қаңылтыр арасы саусақ сиятындай мөлшерге ашылған. Аталмыш кешен 53,4 млн теңгеге салынып, Зачаган кенті әкімдігі 2020 жылғы 26 мамырда мердігер мекеме «Kazakhstan GIGA Trade» ЖШС-нен балансқа алған. Алайда кепілдік мерзімі тек екі жыл екен. Біз осы дерек бойынша ҚР ҚК 306-бабына (тұтынушылар өмiрiнiң немесе денсаулығының қауiпсiздiгi талаптарына сай келмейтiн тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау, егер бұл іс-әрекеттер абайсызда адамның денсаулығына зиян келтiруге әкеп соқса және жас балаларға арналған тауарларға, жұмыстарға қатысты жасалса) сәйкес іс қозғау туралы арызды БҚО прокуратурасына жолдадық. Әкімдіктің кемшілігі балансында тұрған нысанды бақылаусыз, иесіз қалдыруында, оларды тіпті жөндемейді. Ата-аналар да бала ойнайтын жерді мұқият қарау керек еді», деді Б.Ахметжан.


Өкініштісі, 2022 жылы облыста осындай төрт дерек тіркелсе, соның біреуінде бір жасөспірім футбол қақпасының астында қаза тапты.

Б.Ахметжан осы мәселе бойынша Орал қаласы әкімдігі мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сұрау салғанын жеткізді.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, 2016 жылғы бала 6 сәуір күні жедел жәрдеммен облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Диагнозы – шынашағы кесілген. Ота жасалған бала 10 сәуірде ауруханадан шықты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда үстіне футбол қақпасы құлаған 11 жасар баланың көз жұмғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар