Оралда өз компаниясынан 2,2 млн АҚШ долларын жымқырған кәсіпкер сотталды

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қалалық сотында аса ірі мөлшерде алаяқтық жасаған кәсіпкерге қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағына сәйкес үкім шықты.

Оралда өз компаниясынан 2,2 млн АҚШ долларын жымқырған кәсіпкер сотталды
Фото: freepik.com

БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, сотталушы Ақсай қаласында «Karachaganak Support Service» (KSS) ЖШС-н тіркеп, оның жалғыз құрылтайшысы әрі басшысы болған. 

Кейін ол жарғылық капиталдағы үлестерді қызметкерлер арасында қайта бөлгенімен, серіктестіктің қызметін бизнес-менеджер лауазымында іс жүзінде бақылауды жалғастырған.

АҚШ аумағында жүрген кәсіпкер кәсіпорынның ақшалай қаражатын жымқыру жоспарын құрған. «KSS» ЖШС-нің жаңа директорын алдап, «ТеңізШевройл» ЖШС-мен келісімшартты ұзарту үшін жабдық сатып алу қажеттігі туралы көрінеу жалған ақпарат берген. Қазақстан Республикасының валюталық бақылау талаптарын айналып өту үшін ол басшыны мәмілелерді пайызсыз қарыз түрінде рәсімдеуге көндірген.

Нәтижесінде «KSS» ЖШС-нің шоттарынан өзінің бақылауындағы америкалық «KSS Charlotte LLC» компаниясының шотына бірнеше траншпен жалпы сомасы 2,2 млн АҚШ доллары, яғни 948 млн 337 мың теңге аударылған.

Сот кәсіпкерді аса ірі мөлшердегі алаяқтықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Дегенмен бұдан бұрынғы Атырау қаласы № 2 сотының 2025 жылғы 24 шілдедегі үкімін ескере отырып, жеңілірек жазаны қатаңырақ жазаға сіңіру арқылы сотталушыға түпкілікті 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Жазаны қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу белгіленді. Сонымен қатар ол 3 жыл мерзімге коммерциялық кәсіпорындарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырылды және қылмыстық жолмен табылған мүлкі тәркіленді.
Жәбірленуші тараптың азаматтық талабы толық көлемде қанағаттандырылды. Сотталушыдан «KSS» ЖШС-нің пайдасына 2,2 млн АҚШ доллары (948 млн 337 мың теңге) мөлшерінде мүліктік зиян және мемлекеттік баж өндірілді.

Азаматтық талапты қамтамасыз ету мақсатында кәсіпкердің және оның бақылауындағы шетелдік компанияның банктік шоттарына салынған тыйым күшінде қалдырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-ның екі тұрғыны жалған операциялар арқылы мемлекетке 250 млн-ға жуық теңге залал келтіргенін жазған едік.