Оралда пара алған полиция қызметкері шенінен айырылды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің істі жүргізуімен мамыр айында полицияның бес қызметкері сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«6 мамыр күні Жамбыл облысының Шу аудандық сотының үкімімен аудандық көші-қон қызметінің бөлім бастығына 7,5 млн теңге айыппұл салынып, ол өмір бойы мемлекеттік қызметте еңбек ету құқығынан айырылды. Ол Қырғыз Республикасының азаматын ықтияр хат алуда оң шешім шығару үшін 250 мың теңге пара алған», - деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1-ші департаментінің аға тергеушісі Данияр Бекайдаров агенттікте өткен баспасөз мәслихатында.
Ол, сонымен қатар, 13 мамырда Орал қаласында азаматтық қадағалау мен қызметті қару басқармасының инспекторына 1 млн 750 мың теңге айыппұл салынғанын мәлім етті. Ол сонымен қатар «полиция капитаны» шенінен айырылған. Ол аңшы қаруына тездетіп рұқсат беру қызметі үшін 70 мың теңге пара алған.