Оралда параволейболдан Қазақстан чемпионаты мен кубок ойындары мәресіне жетті

параволейбол
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

ОРАЛ. KAZINFORM - Облыстық мамандандырылған олимпиада резервінің балалар мен жасөспірімдер мектебі залында тірек-қимыл аппараты зақымдалған спортшылар арасында параволейболды отырып ойнаудан Қазақстан кубогі ойындары аяқталды.

Жарысқа Астана қаласы, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай және хаттамадан тыс Қызылорда облысы командасы қатысты.

параволейбол
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Финалдық бәсеке Жамбыл мен Ақтөбе облыстары арасында тартысты өтті. Жамбылдықтар 3:1 (25:23, 25:22, 19:25, 25:20) есебімен ұтып, кубок иегері атанды.

Қарағанды облысы өкілдерін 3:0 есебімен тізе бүктірген астаналықтар үздік үштікке ілікті.

Сонымен қатар тірек-қимыл аппараты зақымдалған ардагер спортшылар арасында өткен

Қазақстан чемпионатына 9 команда қатысты. Мұнда қызылордадықтар жеңімпаз атанса, ақтөбеліктер екінші, астаналықтар үшінші орынға ие болды.

параволейбол
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Параволейболды отырып ойнаудан Қазақстан ұлттық құрамасы 2023 жылы Астана қаласында өткен Азия чемпионатында екінші орын алып, Париж паралимпиадасы ойындарына жолдама алған еді.

Ұлттық құрама мүшесі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ұлттық спорт төреші, параволейболды отырып ойнаудан Қызылорда облысының аға жаттықтырушысы Ерік Қасқабаевтың айтуынша, кубок ойындарына ел біріншілігінде жүлделі орын алған командалар қатысқан жоқ.

параволейбол
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

«Қызылорда облысынан шеберлігін шыңдау үшін жастарды алып келдік. Олар хаттамадан тыс қатысқандықтан, ойын нәтижесі есепке алынбады. Ал ардагерлеріміз үздік шықты. Өзім ұлттық құрамада жиырма жылдай ойнап келемін. Бас бапкер Бауыржан Тахауов жаттықтыратын құрама негізін атыраулықтар құрағанымен, Қызылорда, Маңғыстаудан, Шымкенттен спортшылар бар. 17 наурызда Астанада жиналамыз, содан кейін оқу-жаттығу жиыны басталады. Басты мақсат — Париж паралимпиадасына тыңғылықты дайындалу», - деді Ерік Қасқабаев.

Соңғы жаңалықтар