05:00, 17 Наурыз 2017 | GMT +5
Оралда пәтерде өрт болып, сексен жастағы зейнеткер ауруханаға жатқызылды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - 16 наурыз күні сағат 21.32-де Гагарин көшесі 34-мекенжайында орналасқан 14 қабатты үйдің 7-қабатындағы пәтердің өртеніп жатқаны жөнінде мәлімет түскен, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
БҚО ТЖ департаменті өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінен Жазира Әбдірахманованың хабарлағанындай, сағат 22.04-те өрттің беті қайтып, 22.33-те толықтай сөндірілген. 15 шаршы метр аумақты қамтыған өрт салдарынан 1938 жылғы пәтер иесі зардап шегіп, қалалық көпбейінді ауруханаға орта дәрежелі газдан улану диагнозымен жатқызылған.
Өрт кезінде 20 адам шығарылса, соның үшеуі - балалар.
«Тілсіз жауды» ауыздықтауға 11 техника, жеке құрамнан 31 адам жұмылдырылған.
Өрттің шығу себептері, келтірілген шығын және кінәлі адамдар анықталу үстінде.